Алматы ғалымдары астықтың мемлекеттік қорын ұзақ уақыт сақтаудың технологиясын әзірледі

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Алматы технологиялық университеті Азық-түлік технологиясы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары еліміздің Мемлекеттік материалдық резерві үшін астықты ұзақ уақыт сақтаудың технологиясын әзірледі.

Бүгін астанада өткен «Қазіргі заманғы жағдайда материалдық құндылықтарды ұзақ мерзімді сақтауды ұйымдастыру» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда аталған институттың директоры, техника ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Әуелбек Ізтаевтың айтуынша, бүгінде қазіргі қолданылып жүрген технология ескірген. Олар экологиялық талаптарға жауап бере алмайды және көптеген шығындарға әкеліп соғады.

«Біз ұсынып отырған технология ионды-озондық деп аталады. Біз озонды қышқылдатқыш ретінде пайдаланамыз, ол хлордан едәуір тиімді. Белгілі дәрежеде тотықтандырған кезде, ол көкті, микробтарды, бактерияларды, сондай-ақ, түрлі кеміргіштерді жоюда өте ыңғайлы», - деді Әуелбек Ізтаев.

Оның айтуынша, бұл технология озон астыққа толық сіңіп, басқа жаққа «кетіп» қалмас үшін жабық орында қолданылады. Сондай-ақ, ғалымның атап өтуінше, ионды-озондық қоспа аталған институт қабырғасында өндірілген және өте жақсы нәтижелер көрсеткен.