«Алматы» халықаралық әуежайы» АҚ мен «Ай Си Групп» ЖШС басшыларына қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске алынды

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Алматы» халықаралық әуежайы» АҚ Президенті Ыдырысов пен «Ай Си Групп» ЖШС Мұхамеджанға қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске алынды.

Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Ыдырысов пен Мұхамеджан «Алматы» халықаралық әуежайы» АҚ-ның жаңа жолаушылар терминалы құрылысына бөлінген 1 млрд. 167 млн. теңге қаржысын ұрлады деп айыпталып отыр», - деді ол.

Ресми өкілдің атап өтуінше, Ыдырысов сондай-ақ рейстік ұшақтарда борт тамағының бағасын жоғарлату арқылы 1 млрд. теңгеден астам қаржыны жымқырды деп те айыпталуда. Аталған екі азаматқа да сот санкциясымен іздеу жарияланды.

«Алматы» халықаралық әуежайы» АҚ бас бухгалтері Гамазоваға, «Эй Си Эс» және «Эй Ти Эс» ЖШС-ларының бұрынғы директоры Шамсудиновқа, «Эй Си Эс» ЖШС-нің бұрынғы бас бухгатері Биляноваға және осы мекеменің қызметкері Игнатоваға ҚР «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңнамасын бұзып, алдау арқылы 1 млрд. теңгеден астам шығын келтірді деген айыптар тағылды.

«Гамазова мен Шамсудинов сот санкциясымен тұтқындалды», - деді ресми өкіл.