Алматы халықаралық әуежайында заңсыз жұмыс істеп тұрған ойын автоматтарының 2 залы анықталды

АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат - Оңтүстік Шығыс аймақтық көлік прокуратурасының органдары Желілік ішкі істер бөлімінің (ЖІІБ) жедел қызметкерлерімен бірлесіп Алматы халықаралық әуежайында заңсыз жұмыс істеп тұрған автоматты ойындардың екі залын анықтады,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат  Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Хабарланғанындай,, ойын бизнесі саласындағы заңсыз кәсіпкерлікті анықтау және жою бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу барысында Алматы қаласы халықаралық әуежайының «Жаңа жолаушылар терминалы» ғимаратының 1 және 2-қабаттарында ойын автоматтарының екі залы заңсыз орналасқаны анықталды.

 Прокуратураның мәлімдеуінше, әуежайдың күту залында бірінші қабаттағы ойын залында оператор-кассир ретінде ресми емес түрде жұмыс істеген А. есімді азаматша ұсталған. Ол жеңістері үшін клиеттерге ақша беріп отыратын болған.
 Ғимараттың екінші қабатының күту залында да осындай қызметке жалданған П.есімді азаматша қолға түсті. 

 Анықталғандай, жалпы саны 18 ойын автоматы «Қалыбаев» және «Бидаев» жеке кәсіпкерліктеріне тиесілі.

 Ойын автоматтар мен тексеру барысында кассаларда табылған ақша қаражаттары тәркіленді, тергеуге дейін тексеру амалдары жүргізілуде.