Алматы халықаралық туризмге сұранып тұр - республикалық газеттердің бүгінгі сандарына шолу

АСТАНА. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі  республикалық «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерінің, «Нұр Астана» республикалық жастар апталығының бүгінгі сандарында жарияланған өзекті материалдарына шолуды ұсынады.

 

Кеше Алматы қаласының әкімі А.Есімов пен Ішкі істер министрі С.Баймағамбетовтың қатысуымен өткен тәртіп сақшылары басшыларының жиыны туралы мақала «Елбасының ескертулері іске асыруды талап етеді» деген атпен «Айқын» газетінде жарияланған.  Басылым тілшісі жиын барысында қоғамдық тәртіпті қадағалау, жол қозғалысын реттеу, миграция мәселесі, тәртіп сақшылары арасындағы жемқорлықпен күрес сияқты өзекті мәселелер қаралғанын жазған.  

  Газет тілшісі қырғызстандық белгілі саясаттанушы Марс Сариевпен сұхбатына «Қырғызстанда тағы қырғын бола ма?» деген тақырып қойған. Сұхбат бүгін, яғни шілденің 23-інде өтетін Қырғыз Республикасындағы Президенттік сайлауға орай алынған. Екеуара әңгіменің арқауы - сайлау науқанының ерекшеліктері, Қ.Бәкиевтің сайлаудағы мүмкіндігі сияқты маңызды мәселелер болып табылады.

Газеттегі «Обама Мұхаммед пайғамбардың жолымен дағдарысты тежей ала ма?» атты мақалада дүниежүзілік қаржы дағдарысынан кейін Президент болып сайланған Барак Обаманың ұстанымына шолу жасалған.

«Алматы халықаралық туризмге сұранып тұр» атты мақалада Алматының туризмді дамытуға әлеуетінің қаншалықты жеткілікті екендігін зерделейді. «Биік шыңдарын мәңгі қар басып жататын Іле Алатауының етегіне орналасқан Алматы қаласы соңғы уақытта шетелдік саяхатшылардың айрықша қызығушылығын тудыра бастады. Өйткені ару Алматының қайталанбас  әсем табиғатының  өзі қаланы мәдениет пен туризм орталығына айналдыруға сұранып-ақ тұр», дейді «Айқын» газетінің тілшісі.

Сонымен қатар басылымда әнші, сазгер Ерлан Белғозиевпен арадағы сұхбат бар.

«Айқында»  жазушы Ә.Таразидің «Мұстафа Шоқай» романы төңірегінде ой-пікір білдірген мақала бар. Мақала авторы - жазушы Толымбек Әбдірайым. 

«ЕҚЫҰ төрағалығы қазаққа халықаралық бедел әпереді» деген  мақалада Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қайрат Сарыбай мен саясаттанушы Бектас Мұхамеджановтың пікірлері берілген.

«Астана ақшамы» газетінің алашқы бетінде Елорда басшысының шаһардың жылу орталықтарын аралап, коммуналдық кәсіпорындардың қыс маусымына әзірлігімен танысқандығы жайында мақала басылған.

Басылымның ішкі айқарма бетінде философия ғылымының докторы, профессор Амангелді Айталымен көлемді сұхбат жарияланған. Сұхбат барысында  ғалым «Астананың бүкіл болмысы, оның ішкі, сыртқы саясаты, мәдени, ақпараттық жүйесі, қаланың білім ордалары Астанаға лайық болуы керек», деп қала туралы өз пікірін білдірген.

«Нұр Астана» республикалық жастар апталығының бүгінгі санында «Қазақ ұландары Сан-Пауло чемпионы!» деген тақырыппен сұхбат берілген. Жыл басында Бразилиядағы «Оле Бразил Клаб» футбол клубы академиясында оқуға Қазақстанның 27-і жасөспірімі аттанған болатын. Интернет арқылы сұхбатты аталған елдегі «Қазақстан-94» командасының қақпашысы Б.Сағатов пен жартылай қорғаушысы Рауан Сариев беріпті.

Осы басылымда «Экомед» клиникасының жетекшісі Салтанат Байқошқаровамен сұхбат жарияланған. «Пробиркадан» да перзент сүюге болды» деген тақырыппен берілген әңгімеде  жасанды ұрықтандыру жолымен сәбилі болу мәселесі жайында айтылған.