Алматы хайуанаттар бағындағы ерекше оқиға: Керіктің 5-ші төлі дүниеге келді, оның аты - Астана

; АЛМАТЫ. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы хайуанаттар бағында ерекше оқиға болды. Осындағы ересек жұп керіктің 5-ші төлі дүниеге келді.

«Әлемнің бірде бір хайуанаттар бағында 5 жыл ішінде жыл сайын керіктің төлді болуы жағдайы кездескен емес. Астана күні дүниеге келген жас төлдің есімін - Астана деп атадық. Бүгін оған бір ай толды. Ол өз аяғымен нық тұра алады, бұтақтардың жапырақтарын, алманы жеуге талпынуда», деді бүгін Алматы хайуанаттар бағының директоры Әуезхан Әбдрахманов.

Оның айтуынша, Алматы хайуанаттар бағында алты керік бар. «Жылда төлді болудың құпиясы - оларға жасалған жағдайдың жақсы болғандығында. Олардың жүріп-тұратын аймағы барлық техникалық нормаларға сай. Ол бойынша бір керікке 200 шаршы метр аумақ керек болса, бізде әрқайсысына 500 шаршы метрден келеді», деп атап өтті Әуезхан Әбдрахманов.

Секция басшысы Қасен Бекқұловтың айтуынша, ұрпақты болған Сұлу және Хан есімді керіктер Қазақстанға 2003 жылы 3 жасында әкелінген. «Олар 2006 жылдан бастап төл бере бастады. Биылғы сүйкімді керік 40 келі салмақпен дүниеге келді. Бойының ұзындығы 168 см болды. Жас керік алғашқы сағаттың өзінде аяғынан тік тұрды. Бүгінде анасы баласының жанына ешкімді жолатпайды, өзі қорғап, өзі қарауда», деді ол.

Хайуанаттар бағындағы ала құландар, арқарлар, бұғылар мен қодастар төлді болды. Амур жолбарысы 3 күшік туса, қабыланда екі күшік бар. Биыл сонымен қатар, аққулар тұңғыш рет 6 балапанды болды", деп атап өтті Әуезхан Әбдрахманов. Маманның айтуынша, биыл хайуанаттар бағында «жемісті» жыл болған.

Зообақ басшылары керіктерді қазақстандық басқа да хайуанаттар бағына сату, сонымен қатар шет елден тағы да екі жұп керік сатып алуды жоспарлап отыр.