Бағдарлама технологиялық стартаптарды жылдам дамытуға бағытталған және оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия және Моңғолия елдерінің командалары қатыса алады. Өтінімдер 30 сәуірге дейін astanahub.com платформасында қабылданады.
Қазақстан – Орталық Азияда Google for Startups-пен бірлесіп осындай акселерациялық бағдарламаны іске асырып отырған алғашқы әрі жалғыз ел. Биыл бағдарлама алғаш рет Алматыда Almaty Hub алаңында өтеді.
Silkway Accelerator соңғы жылдары өңірдегі стартаптарды дамытуда маңызды құралға айналды. Төрт жыл ішінде бағдарламаға 1470 өтінім түсіп, оның 73 стартапы іріктеліп, акселерациядан толық өткен. Бағдарлама түлектері жалпы 48 млн АҚШ долларынан астам инвестиция тартып, олардың жиынтық бағасы 500 млн доллардан асқан. Олар БАӘ, Түркия, АҚШ және өзге де елдердің нарығына шыққан.
«Silkway Accelerator бізге негізгі мақсаттарға назар аударуды, қай нарықтарға шығу керегін дұрыс таңдауды және басқа елдердің нарығын тереңірек талдауды үйретті. Осы тәжірибенің нәтижесінде Biometric.Vision өз дамуын жеделдетіп, командасын күшейтіп, өнім стратегиясын нақтылай алды. Silkway Accelerator – мықты халықаралық қауымдастық, қазақстандық стартаптардың оның бір бөлігі бола алатыны қуантады. Қазір біз Қазақстан нарығында нық орнығып, Қырғызстан мен Малайзияда жұмыс істеп жатырмыз, сондай-ақ Мексика, Әзербайжан, Сингапур және БАӘ елдерінде пилоттық жобалар жүргізіп жатырмыз. Бұл тек бастамасы ғана», – деді Biometric.Vision компаниясының бас директоры әрі негізін қалаушы Әлібек Нарымбай.
Бағдарлама 12 аптаға есептелген және дайын өнімі бар, оны әрі қарай дамытып, жаңа нарықтарға шығаруды көздейтін командаларға арналған.
Қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, басқа қала немесе елден келген командаларға Алматыда тегін тұру мүмкіндігі мен кеңсе ұсынылады, Google Cloud ресурстарына 100 000 АҚШ долларына дейін қолжетімділік беріледі, Google Workspace сервистері ұсынылады, сондай-ақ әр командаға жеке даму менеджері бекітіледі.
«Қазақстан – аймақта стартап экожүйесі бірнеше жылдан бері жүйелі түрде дамып келе жатқан сирек нарықтардың бірі. Қазіргі негізгі мәселе – жаңа құралдар жасауда емес, стартаптардың сапасын арттыруда және олардың масштабталу қабілетінде. Silkway Accelerator дәл осы кезеңмен жұмыс істейді», – деді бағдарлама жетекшілерінің бірі Евгений Фролов.
Бағдарлама соңында Demo Day өтеді. Онда қатысушылар өз жобаларын инвесторларға, венчурлік қорларға және серіктестерге таныстырады. Ең үздік стартаптар Astana Hub Ventures шорт-листіне еніп, инвестиция тарту мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, Google for Startups – 2011 жылы Google іске қосқан халықаралық бағдарлама. Ал Astana Hub – Орталық Еуразиядағы ең ірі халықаралық инновациялық кластер, онда 2 мыңнан астам IT-компания тіркелген.