АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы-Хургада әуе рейсі кешіктірілді. Авиакомпанияның мәлім етуінше, ұшу алдындағы дайындық барысында қосымша техникалық қызметтер қажеттігі туындаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде наразы жолаушылардың рейстің тым ұзаққа кешіктірілуіне байланысты өтемақы талап еткен видеосы тарады.
«Сағат 17:30. «SCAT» әуе компаниясының DV 3419 Алматы-Хургада рейсі сағат 8:15-тен бері ұшпады. Жолаушылар 10 сағаттан астам уақыт бұрын бақылау аймағынан өткен. Қонақ үйдегі бір күннің күйіп кетуіне байланысты ешкім өтемақы төлемейді, басшылық тарапынан ешқандай ақпарат берілмеді... Ұшақ ұшуға жарамсыз деседі. Әр екі сағат сайын рейс уақытын созып жатыр. 187 адам бала-шағасымен отыр», - деп жазады жолаушы.
Әуе компаниясының баспасөз қызметі ұшу алдындағы дайындық барысында қосымша техникалық қызметтер қажеттігі туындағанын айтты. Жолаушылар әуежайда күту кезінде барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілгенін, соның ішінде ыстық тамақ пен сусын берілгенін мәлімдеді.
«Ал, өтемақы мәселесі бойынша туристік пакет сатып алынған турагенттікке жүгіну қажет», - деді әуе компаниясынан.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.