Алматы әкімдігі күні бүгінге дейін импорттық тауарлардың орнын ауыстыру бойынша 48 инвестициялық жобаны мақұлдады.
Қалада шет елдерден үлкен көлемде жеткізілетін 86 тауарлар тобы анықталды. Мысалы, тұтынылатын ірімшіктер мен құс етінің тең жартысы, шұжық бұйымдары мен сары майдың 40 пайыздан астамы шет елдерден жеткізіледі екен.
Бүгін Алматы әкімдігінде Алматы мен Павлодар облысының басшылығы кездесіп, өңіраралық кооперация аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Өз баяндамасында Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Алматыда бір жыл ішінде 500 млрд теңгенің тауары өндірілетіндігін атап өтті. Ал бұл, Жалпы ішкі өнімнің - 5 пайызын құрайды.
Ал Алматыға жылына 11 млрд доллардың, яғни 4 трлн теңгенің тауар жеткізіледі.
«Алматы инвесторларын Павлодар облысына апаруға мүмкіндік бар. Олар онда бірқатар өндіріс желісін іске қоса алады. Өңірлерге қаржы жұмсауға дайын бизнесмендеріміз бар. Бізге өзара тиімді кооперация жасау өте қажет. Қазақстандық мазмұн, индустриализация, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бойынша өзара тауар айналымын арттыру мақсатында біз бірлесе көп жұмыстар атқара аламыз», - деді Е. Әукенов.
Өз кезегінде Павлодар облысының ауыл шаруашылығын өндірушілері Алматыға қолайлы бағаға әр түрлі сапалы тауарлар жеткізуге дайын екендіктерін білдірді.