Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наринэ Микаэлян, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қоғамдық келісім кеңесі төрағасы мен мүшелері, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері, Алматы қаласының аудандық мәслихат депутаттары, қала жұртшылығы және республикалық «Жарасым» жастар ұйымы қатысты.
Жиналыста сөйлегендер 2016 жылдың 18 шілдесі күні Алматыдағы террористтік шабуылдан қаза тапқандардың отбасыларының қайғы-қасіреттеріне ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ, Елбасының елдегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған мәлімдемесіне толығымен қолдау көрсетті. Одан басқа, халықты жалған ақпараттарға сенбеуге, арандатушылық әрекеттерге жол бермеу, терроризмге бірге төтеп беруге шақырды.
«Бірлікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау - мемлекетіміздің басты құндылықтары», - деді қатысушылар.
Алматы қаласы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жарасым» Республикалық жастар ұйымы төрағасының орынбасары Р. Кайырев орын алған жағдайға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуін оқыды.
Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы аяқталған соң, қатысушылар материалды қолдау ретінде ақшалай қаражат жинап, шабуылдан қаза тапқандардың отбасыларына барып шықты.