Алматы қалалық мәслихатында ІІБ-ның тыңдауы өтті

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қалалық мәслихатында қалалық Ішкі істер департаментінің жұмыс қорытындыларының тыңдауы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттар алдында қалалық ІІД басшысы Ерлан Тұрғымбаев есеп берді. Департамент басшысы қала қозғалысы мен сегіз ай ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, ауыр қылмыс түрлері 15,1%-ға төмендеп, қылмысты ашу деңгейі жақсарған. Жүргізілген іс-шаралар барысында іздеуде жүрген 649 қылмыскердің 171-і қолға түскен. Сонымен бірге, еліміздің басқа аумақтарында іздеуде жүрген 274 қылмыскер ұсталған. 19 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 3 ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен басқару фактісі әшкереленген. 348 суық қару, 3 автомат, 7 тапанша, 7 винтовка, 2 қолдан жасалған тапанша, сонымен бірге 7 гранат, 7 карабин мылтығы, 18 шолақ мылтық және 1163 оқ тәркіленген. Сонымен қатар, Е. Тұрғымбаев ІІБ-ның жол, көші-қон полициялары, қоғамдық күзет және есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстары жөнінде де ақпар берді.

Депутаттар өз кезегінде жарақаттайтын қарулардың халыққа қолжетімді болып отырғанына байланысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі көзқарастарын білдірді. Қылмыстық жағдайды жақсарту мен бей-берекет сауданы жөнге қоюға байланысты облыстық маршруттағы автобустардың бас аялдамаларын қаланың орталық базары аумағына ауыстыру жөнінде сұрақтар қойылды. Халық қалаулылары ІІБ-ның Алматы қаласының экологиялық полициясын құру жөніндегі және қаланың барлық сауда орындарына бірдей талап қоятын «Алматы базарлары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы ұсныстарын қолдайтындықтарын айтты.