Алматы қалалық соты алты адамды қағып, оның бірі қайтыс болған М. Үсеновтің ісі бойынша прокуратураның наразылығын 4 ақпанда қарайды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық соты ертең Мақсат Үсеновтің ісін, атап айтар болсақ, прокуратура шығарған наразылықты қарайды, деп хабарлады аумақтық сот баспасөз қызметінен.

«Сот оның (Үсенов - ҚазАқпарат) сотқа келуін қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Себебі М. Үсенов ауруханада, іс ертең 4 ақпанда қалалық сот ғимаратында жалғасын табады», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Қуандық Ешімбет ҚаАқпаратқа қоңырау шалып.

Еске сала кетейік, 2013 жылғы 1 желтоқсанда М. Үсенов BMW-Х6 автокөлігімен жолаушылар тұрған алты жүргіншіні соғып кеткен. Олардың бірі сол жерде көз жұмды. Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда ол біраз уақыттан кейін қолға түсті.

ҚР ҚК 296-бабы (Көлiк құралдарын жүргiзушi адамдардың жол қозғалысы және көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы) және 297-бабы (жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалу) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын

Жуырда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істің тоқтатылғандығы белгілі болды. «Қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды, ал М. Үсенов ҚР ӘқтК 3-б., 468-бабында (20 АЕК мөлшерінде айыппұл), ӘқтК 468-1-бабында (250 АЕК айыппұл) көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін айыпты деп танылды».

Алайда оқиға қоғамның қарсылығын тудырды. Әрі әкімшілік іс тоқтатылған жоқ. 30 қаңтарда Алматы прокуратурасы М. Үсеновке қатысты әкімшілік іс жөніндегі сот қаулысына аппеляциялық наразылық шығарды.

Прокурор айыпталушыны 2 жылға көлік басқару құқығынан айырып, 45 тәулікке тұтқындауды өтінді. Наразылықта прокуратура «сот тағайындаған ӘқтК 468-1-бабында көзделген ең төменгі жаза жасалған құқық бұзушылықтың сипатына, сондай-ақ құқық бұзушының ЖКО жасағанға дейінгі және жасағаннан кейінгі мінез-құлқына сәйкес келмейтіндіктен» бастама жасады, делінген.

Алматы қалалық соты осы наразылық бойынша бүгін 3 ақпанда шешім шығарады деп жоспарланған. Алайда, таңертең БАҚ-та М. Үсенов ауруханада болғандықтан, сот отырысына қатыса алмайды деген хабарлама тарады».