Алматы қалалық жол полицейлері «Жолда қабылдау» шарасын өткізеді

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарын қазан айының 14-і күні өтетін «Жолда қабылдау» атты шарасына белсене қатысуға шақыруда.

Шараны қалалық Жол полициясы басқармасы «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалымен бірлесіп өткізгелі отыр. Ондағы мақсат, құқық қорғаушылар имиджін көтеру мен тұрғындардың сенімділіктерін арттыруға бағытталған.

Шара барысында «Жолда қабылдау - Приемная на дороге» деген жазуы бар 7 жолаушы көлігі қаланы аралайтын болады. Ол көліктерде жол полициясы басқармасының білікті мамандары азаматтардың Алматы қалалық ІІД ЖПБ-на қатысты сұрақтарына жауап береді.

Қаланың әр ауданы бойынша 7 жолаушылар көлігі тұратын нақты орындары:

Әуезов ауданы - Абай даңғылы «Магнум» сауда орталығы,

Алатау ауданы - Рысқұлов даңғылы ХҚК аудандық орталығы,

Алмалы ауданы - Төле би көшесі «Тастақ» базары,

Бостандық ауданы - Тимирязев көшесі «Атакент» көрме орталығы,

Жетісу ауданы - «Алматы-2» вокзалы алаңы,

Медеу ауданы - Жібек-жолы көшесі «Береке» базары (Көк базар),

Түркісіб ауданы - «Алматы-1» вокзалы алаңы.

Аталмыш шара өз жұмысын осы айдың 14-і күні сағат 10:30-да бастайды.