Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғаларды салық төлеу міндеттемелерін дер кезінде орындауға шақырды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанға КО елдерінен 2014 жылдың желтоқсан айында автокөлік алып келген жеке тұлғалар салық заңнамасына сәйкес, 2015 жылдың 20 қаңтарына дейін жанама салықтар төлеп, 320.00 және 328.00. таңбалы салық есептемесін тапсырулары тиіс. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жерде қосылған құн салығын және акцизді есептеу және төлеу тәртібі Салық кодексінің 276-20, 298-баптарында айқын көрсетілген.

«Жанама салықтарды салық заңнамасында көрсетілген мерзімде төлемеген жеке тұлғалар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 287- бабы бойынша жауапқа тартылады. Яғни, олар орындалмаған салық міндеттемесінің 20 пайызын, бірақ 10 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес мөлшерде айыппұл ретінде төлейді», - делінген хабарламада.

Осылайша Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғаларды салық төлеу бойынша өздерінің салықтық міндеттемелерін дер кезінде орындауға шақырады.

Айта кетелік, КО елдерінен автокөліктерді өздерінің жеке пайдасы үшін 2015 жылдың 1 қаңтарынан кейін алып келген жеке тұлғалар жанама салықтар төлемейді.