Алматы қаласы тарихының мұражайы Алаш Ордаға қатысты жаңа жәдігерлермен толықты

АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Алаш Орда» және «Нәубет» деректі фильмдерінің көшірмелері мен Алаш орда тарихына қатысты құжаттарды қалалық тарихи мұражайға тапсыру рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Алаш қайраткерлері мен бүгінгі ұрпақ арасындағы алтын көпір іспетті бұл шараға алашорда қайраткерлерінің ұрпақтары қатысып отыр. Онда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Алаш орда» фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл шара кезінде мұражайға «Алаш Орда» мен аштық туралы «Қазақтелефильм» студиясында түсірілген «Нәубет» деректі фильмдернің көшірмесін бердім. Сондай-ақ «Алаш Орданы» түсіру кезінде жинақталған Семей, Орынбор қалаларындағы Алаш қозғалысына қатысты тарихи ғимараттардың суреттерін тапсырып отырмын», - деді фильмнің режиссері Қалила Омаров. Бұл шара кезінде мұражай өз тарапынан «Алаш туын көтеріп, азаттыққа жол ашқан» деп аталатын арнайы көрме ұйымдастырып отыр. Оған Мәскеу, Қарағанды қалаларындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаттарынан және Алматы қаласы тарихының мұражайы қорынан алынған құжаттар мен суреттер қойылған.