Алматы қаласы жылыту маусымына дайын

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй қоры объектілері жылыту кезеңіне 100% дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коммуналдық қызметтер жылыту маусымына дайындықты биылғы мамыр айында бастады, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді. 413 білім беру, 129 денсаулық сақтау объектісі және 8 476 тұрғын үй қоры нысаны дайындалды. «Алматыжылужайэнерго» ЖШС қазандықтарында көмір мен мазуттың қоры 100% құрайды. Ал «АлЭС» АҚ (ЖЭО-1,2, БЖК) энергия көздерінде көмір қоры – 118% және мазут – 118%.

Сондай-ақ ағымдағы және жоспарлы жұмыстар орындалды, оның ішінде тозуды төмендету мақсатында қолданыстағы желілер реконструкцияланды», - делінген қала әкімдігі мәліметінде.

Ережеге сәйкес, қаланы жылу жүйесіне қосу сыртқы ауа температурасы +8°С және одан төмен болғанда бес тәулік ішінде жүргізіледі.

Бірінші кезекте жылуға денсаулық сақтау, білім беру ғимараттары және өзге де әлеуметтік объектілер қосылатын болады. Кейін жылу көппәтерлі тұрғын үйлерге беріледі.