Бұл жайында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Алматыға жұмыс сапары барысында айтты.
Ө.Шөкеев 2007 жылы әлемдік экономикалық дағдарыс басталған кезде еліміздегі 450 құрылыс тоқтап қалғандығын және өз қаржысын салған 62 мыңнан астам үлескер өте ауыр жағдайда қалғандығын айтып өтті. Содан бері Үкімет үлескерлердің мәселесін шешу бағдарламасын іске асырылып келе жатыр, оған 7-8 механизм кіреді. «Қазір сол бағдарламаның нәтижесінде 57 мыңнан астам үлескер өз пәтерлерін алды, қалған 5-6 мың үлескердің мәселесін биыл шешуге тырысып жатырмыз», -дейді ол.
Сонымен қатар Ө.Шөкеев Алматы облысындағы үлескерлердің жағдайы сәл қиындау екендігін жеткізді. «Алматы маңында 7-8 ірі компания үлескерлердің сенімін пайдаланып, қаржыларын жинап, тіптен жұмысты бастамаған алаяқ компаниялар көп болды. Осы мәселемен әкімшілік жете айналысып, бұрын-соңды қолданылмаған тәсілдер пайдаланылды. Мәселен, 6 компанияның үлескерлерін бір жерге шоғырландырып «Премьера» деген ірі нысан салынуда. Бұл жерде 2111 үлескер өз пәтерін алады, биыл толықтай бітірмесек те, әр үлескер өз пәтерін өңдеу жұмыстарынсыз көре алатындығына көзіміз жетіп отыр. Келесі жылдың мамыр айына дейін бұл үйлерді толықтай бітіріп, үлескерлерге табыстаймыз», -деп атап өтті Ө.Шөкеев.