деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылғы тамыздың 15-інде ұлттық өнеріміздің дарынды өкілдерінің бірі, көрнекті композитор, Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі - Шәмші Қалдаяқовтың туылғанына 80 жыл толады. Жарты ғасырдан асқан уақыт бойы қазақ даласын әсем сазымен тербеткен Шәмші әндері күллі қазақстандықтарды отан сүйгіштікке, туған ел мен жерге адалдыққа тәрбиелеп, ынтымақ пен бірлікке шақыруға қызмет етіп келеді. Сазгердің биік рухтағы халқымен бірге жасайтын әндері әрқашанда болашақ ұрпаққа да қызмет ете берері сөзсіз. Осыған орай, әсем де жігерлі әндерімен ұлтымыздың бірнеше ұрпағын тәрбиелеген Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдығын өткізу, оны республика көлемінде атап өту үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылса», деді Қ. Айтаханов. Сонымен бірге, депутат Ш. Қалдаяқовтың тұлға болып қалыптасуы мен көркем туындылары дүниеге келген Алматы қаласындағы саябақтардың біріне Шәмші есімін беру қажеттігін, сол саябақта композитордың ескерткіші орнатылса деген тілегін жеткізді.
«Бұдан бөлек, Шәмші мұрасын бір орталыққа жинақтаған мемориалдық мұражай ашылса - біртуар тұлғаға көрсетілген үлкен құрмет болары анық. Елордамыз Астанада Ш. Қалдаяқов пен Ж. Нәжімеденов көшелері бастау алатын саябақта тәуелсіз мемлекетіміздің Әнұранының авторлары, қос талантқа арналған ескерткіш тұрғызылса елорда келбеті ажарлана түсер еді. Сондай-ақ, Ш. Қалдаяқов туралы деректі фильм түсіріліп, кітаптар мен әндер жинағын, таңдамалы дискілерін шығару мәселелерін шешуге Үкімет ықпал етсе игі», деді Қ. Айтаханов.