«Алматы қаласының 1000 жылдығы» логотипінің үздік эскизіне ашық конкурс жарияланды.

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы қаласының 1000 жылдығы» логотипінің үздік эскизіне ашық конкурс жарияланды, деп хабарлады қалалық мәдениет басқармасы.

ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясының шешімімен Алматы қаласының 1000 жылдығын мерекелеу ЮНЕСКО-ның 2016 жылғы мерейтойлық және атаулы күндер күнтізбесіне ресми енгізілді. Осыған бпайланысты Алматы қаласының мәдениет басқармасы «Алматы қаласының 1000 жылдығы» логотипінің үздік жобасына ашық конкурс жариялады.

Қаланың мыңжылдығына арналған үздік логотип конкурсында Алматының мәдени-тарихи мұралары мен дәстүрлері, табиғи, қала салу ерекшеліктері және заманауи даму үрдістері ескерілуі тиіс.

Конкурсқа қатысуға шығармашыл шеберханалар, жарнама агенттіктері мен фирмалары, суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, жобалау ұйымдары, қосалқы мамандықтар иелері, сондай-ақ шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері мен бейіндік білім мекемелерінің оқушылары және басқалар шақырылады. Конкурс қатысушысы жеке автор немесе  шығармашыл авторлық ұжым болуы мүмкін. Конкус қатысушылары ұсынатын жұмыстарға шектеулер жоқ.

Конкурсқа жұмыстар 2016 жылғы 22 ақпанға денйін қабылданады.

Конкурс туралы ереже almaty.gov.kz, almatymadeniet.kz сайттарында орналастырылған.

Қосымша ақпарат алу үшін конкурс ұйымдастырушыларына 272-11-09, 272-58-83 телефондары арқылы хабарласуға болады.