Алматы қаласының әкімі Асфендияров атындағы медицина университетінің 80 жылдығына арналған шараға қатысты

АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің 80 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысты.

Қала басшысы ұжымды және оқу орнының студенттерін атаулы оқиғамен құттықтады. «Қазақстанның бұрыннан келе жатқан медициналық жоғары оқу орны медицина кадрларын дайындайтын ең басты оқу ордасы болып табылады. Еліміздің көптеген медицина ұжымдарында осы университеттің түлектері қызмет жасайды», - деп атап өтті А. Есімов.

Шара барысында қала әкімі сонымен қатар, медицина саласының дамуындағы басты басымдылықтарға тоқталды.

«Бірыңғай денсаулық жүйесінің енгізілуімен бірге орындалуы тиіс медицина қызметкерлерінің жалақысы қажетті шамаға дейін өскен жоқ. Қаржылық құралдар артығымен орталықтандарылған, нормативтік база кемшін, сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдарын ақпараттандыру жағы жетілдіруді қажет етеді. Осы ұсыныстардың барлығы Денсаулық сақтау министрімен кездесу барысында айтылды. Қазір бұл мәселелер қаралуда»,- деді Ахметжан Есімов.