Алматы қаласының азаматшасынан 2 келі героин тәркіленді - Көліктегі ІІД

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Алматы қаласының азаматшасынан 2 келі героин тәркіленді, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

29 наурыз күні Жамбыл облысының Луговая стансасында жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде көлік полициясының қызметкерлері Алматы қаласының тұрғыны - 30 жасар азаматшаны құрықтады. Жеке тінту кезінде одан салмағы 2 келі 200 грамм болатын героин есірткісі табылды.

Ұсталған азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, енді оны дүние-мүлкін тәркілеу мен үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы күтіп тұр. Ұсталған азаматша уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.