Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, бала ауыр халде перзентханадан тікелей жеткізілген. Бала өмірге келгенде «диафрагмалды жарық» деген диагноз қойылды.
Диафрагмалды жарық деген туа біткен ақауға жатады.
Бала құрсақта болғанда құрсақ қуысының мүшелері: ішек, асқазан, көкбауыр, кейде бауыр бөлігі кеуде қуысына жылжиды.
Бала тыныс алуы қиындауына байланысты жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөліміне және қарқынды терапия бөлімшесіне орналастырылып, дереу өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды.
Нәрестеге балалар хирургы Мейіржан Құрманәлиев жетекшілік еткен дәрігерлер тобы шұғыл операция жасады. Оған неонаталды хирургтар Жалғас Куниязов пен Ұлықпан Әлсейітов көмектесті.
«Жаңа туған нәрестеге торакоскопиялық әдіспен операция жасалды. Операция кезінде ағзалар іш қуысына қайта ауыстырылып диафрагма ақауы тігілді», - деді қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, балалар хирургі Мейіржан Құрманәлиев.
Операция сәтті өтті.
Ауруханада 17 күн жатқан анасы баласын алып ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.
Дәрігердің айтуынша, бұл соңғы 5 жылда осындай ақаумен тіркелген 23-ші бала екен.