Алматы қаласының кәріз суы жиналатын Сорбұлақ су қоймасында биыл алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары басталды

АЛМАТЫ. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласының кәріз суы жиналатын Сорбұлақ су қоймасында биыл алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр,

         деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Алматы су холдингінің еншілес кәсіпорны "Тоспа  су" МКК  Аяроция стансысының бастығы Дәулет Қадырбергеновтің айтуынша,  дифференциалды тарифтің арқасында биыл Сорбұлаққа ағып келіп құйылған Алматы қаласының кәріз суы 7,5 миллион текше метрге дейін азайды. Бұл  соңғы 10 жылдың ішінде алғаш рет орын алып отырған жәйт.

         Бас технолог Александр Демченконың сөзіне қарағанда, 1972 жылы пайдалануға берілген  Сорбұлақ су қоймасының жалпы сыйымдылығы 996 миллион текше метр. Қазір онда 820 миллион текше метр су бар. "Су қоймасының биологиялық және механикалық тазарту қондырғыларына  биыл тұңғыш рет жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған бөлінген 486 миллион теңгенің қазіргі таңда 223 миллион теңгесі игерілді. Қалған қаражат  жыл соңына дейін толық игеріледі деп жоспарлданып отыр", дейді бас технолог. Ал "Алматы су холдингі" МКК-ның Атқарушы директоры Қуанышкелді Бәзілевтің пайымдауынша, Сорбұлақ су қоймасының жабдықтарын қайта жаңғырту үшін 152 миллиард теңге керек.

         "Биыл  жаңа тарифтің арқасында еншілес "Тоспа су" МКК оған 486 миллион теңге бөліп отыр. Ол алғашқы кезекте атқаруды қажет ететін жөндеу жұмыстарына жұмсалуда. Жалпы Сорбұлақ туралы алып-қашты сөз көп. Олар шындыққа еш жанаспайды. Алматы қаласының кәріз суы Сорбұлаққа бірден құйылмайды. Биологиялық, химиялық және механикалық тазартудан өткен соң бір аптадан кейін ғана 104 шақырымдық арнамен  сағатына 4-5 шақырымдық жылдамдықпен   ағып келеді. Егер ол таза  болмаса айдынына аққу қонып, қаз жүзіп,  жылқы сияқты текті жануарлар су ішпейтін еді", дейді Қуанышкелді Бәзілев.