Алматы қаласының кәсіпкерлері «Алматы Су» холдингінің заңбұзушылық әрекеттеріне наразылық білдірді
12:55, 21 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматының шағын және орта бизнес өкілдері «Алматы Су» мемлекеттік холдингі мен оның еншілес компанияларының заңбұзушылық әрекеттеріне байланысты баспасөз мәслихатын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері «Алматы Су» мемлекеттік холдингінің еншілес компанияларына қарсы шағымданған. Олардың мекемелеріне «Бастау», «Тоспа Су», «Су желісі» кәсіпорындары атынан ауыз су, кәріздік қызметі қойылған шектеуден артық пайдаланылды деген желеумен төлем қағаздары келген. Алайда кәсіпкерлер аталған компаниялармен су қызметтерін пайдалану туралы ешқандай келісімшарт жасалған жоқ деп отыр. Бизнес өкілдері бұған дейін Алматы қаласы әкімдігінің «Су арнасы» МКК-мен келісімшарт жасасқан екен. Аталған кәсіпорындар суды пайдалануға төленетін тарифті арттырған. Бұған қоса, кәсіпкерлер оларға есепшот фактураларында қосымша құн салығының сомасы көрсетілмегендігіне алаңдаушылық білдіруде. Осы жағдайға орай «Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағы» қоғамдық бірлестігінің шешімімен сарапшылар комиссиясы құрылды. Олар қаңтардың 20-сы күні «Алматы қаласының «Су Арнасы» МКК-дағы қайтадан құрылған «Алматы Су» мемлекеттік холдингінде және оның «Бастау», «Су желісі», «Тоспа Су» секілді еншілес кәсіпорындарында қалыптасқан жағдайға орай кәсіпкерлердің, тұтынушылардың және салық төлеушілердің құқықтарының бұзылғандығы туралы» шешім шығарды.
Кәсіпкерлер аталған еншілес кәсіпорындардың келісімшартсыз есепшот фактурасын ұсынып отырғанына наразылық білдіріп отыр. Кәсіпкерлер құзырлы органдарға осы жағдайға назар аударуды сұрап хат жолдамақ.