Айтуынша, қалалық мәслихатқа 42 депутат сайланады. Оның 21-і бір мандаттық аумақтық сайлау округтерінен, 21-і партиялық тізім бойынша дауыс жинайды. Қазір 6 саяси партияның тізімдерімен 153 кандидат ұсынылды.
«Атап айтқанда, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі 42 кандидат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 20, «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы – 63, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 6, «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі – 15, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі 7 үміткер ұсынды», - дейді Айгүл Қалықова.
Спикердің айтуынша, саяси партиялар құжаттарды «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес ұсынды. Әрбір партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмағандар саны – кемінде 30 пайыз.
«Алматы қаласы мәслихаты депутаттарын сайлау бойынша 21 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 210 кандидат ұсынылды. Орташа есеппен бір мандатқа 10 адамнан келеді. Ең үлкен бәсекелестік 4-округте – бір орын үшін 19 адам. Ұсынылған кандидаттардың 166-сы ер, 44-і әйел адам. Ең жас кандидат 21 жаста болса, ең үлкені 1947 жылы туған», - деп атап өтті ол.