деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмеде бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің Ата заңы, мемлекетіміздің нышандары - елтаңба, әнұран, туымыз, Алматы мен Астананың фотосуреттері, еліміздің қазіргі таңда жеткен жетістіктері туралы құжаттар қойылған. Сонымен қатар, көрме келбетінде дала заңынан тамыр тартқан Ата заңымыздың тарихына ерекше мән берілген Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы, сондай-ақ Кеңес өкіметі тұсындағы конституциялар шежіре тарихымен толықтырылған.
Көрменің ашылу салтанатына заң саласын зерттеуші заңгер ғалымдар мен тарихшылар қатысты. ҚР Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбеков және ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторы Шот - Аман Уәлиханов сынды мемлекеттік нышандардың авторларымен кездесу өтті. Көрмеде «Менің Қазақстаным» әнін алғаш орындаушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлова әнұранға айналған әнімен шашу шашты.
«Біздің бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - Ата заңымызбен бекітілген зердемізге, ой-санамызға бойтұмар болар рәміздердің мән-мағынасын түсіну, халыққа насихаттау және Конституцияға құрмет - мемлекетке, өзің өмір сүріп отырған қоғамға, өзіңе деген құрмет екендігін түсіндіру, сол арқылы өскелең ұрпақты елді, жерді, Отанды сүюге тәрбиелеу. Конституция қабылданған күн - өзін патриот санайтын кез- келген адам үшін үлкен мереке екендігін дәріптеу», дейді Алматы қаласының тарихи мұражайының бас директоры Ерболат Әуезов.
Сондай-ақ кездесуге студенттер, әскери оқу орындарының курсанттары, мектеп оқушылары шақырылған.