Алматы қаласының үздік ұстаздары марапатталды

АЛМАТЫ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі барысында қаланың ең үздік мұғалімдерін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков "Білім саласының құрметті қызметкері" және "Ыбырай Алтынсарин" кеуде белгілерімен марапаттады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махметқали Сарыбеков білім беру жүйесіндегі негізгі міндеттерге тоқтала келе, 2005-2010 жылға арналған білім саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жұмысты қорытындылады. Оның айтуынша, осы жылдар аралығында білім сапасына баға беретін ұлттық жүйе құрылған, міндетті мектеп алды даярлық оқуы енгізілген, техникалық және кәсіби білім алу жүйесі қайта құрылымнан өткен, жоғары білім алудың үш деңгейлі жүйесі енгізілген, соңғы алты жылда білім саласын қаржыландыру көлемі алты есеге өсіп, елімізде компьютерлермен жарақтандыру науқаны аяқталуда.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда жоспарланған білім нысандары құрылысының аяқталуы, мектеп жанындағы кабинеттердің ашылуы, 12 жылдық білім алуға көшу жағдайлары әлі де өзекті болып отыр.

Вице-министр тәрбие жұмыстарына баса назар аудару қажет екендігін, әсіресе, балалардың патриоттық рухта тәрбиелеу керектігін атап өтті.

"Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақстандық білім саласын әлемдік білім стандартына сай реформалау саясатына мұқият назар аударып, әрдайым қолдау көрсетіп отыратындығы өздеріңізге жақсы мәлім. Елбасы Тәуелсіздікті баянды етуде, білімнің маңыздылығын жете түсінуде, экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға барынша қолдау көрсетіп отыр. Ел басшысы, сондай-ақ білім саласына бөлінген қаржыны азайтпау жөнінде Үкіметке тікелей тапсырма беріп отыр. Соның бір айғағы, биыл жүзеге асқалы отырған білім саласын дамытудағы 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы", деп атап өтті вице-министр.