Алматы қаласының жол полициясы көлік ұрлаушыны қолға түсірді

None
АЛМАТЫ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қаласының Медеу ауданы, Бұзырбаев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан «Тойота Каролла» маркалы көлік қолды болды. Ұрыны жол полициясы қызметкерлері тез қолға түсірді,

деп хабарлайды Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Көлік ұрлығын жасаған Шығыс Қазақстан облысы Зырянов ауданының Артем есімді 20 жасар тұрғыны болып шықты. Автокөлік иесін қарауылдаған ол таңғы сағат 5-те көліктің құлыптаулы есігін ашып, айдап кеткен.

Жәбірленуші көлігінен айырылғандығын 1 сағат өткен соң біліп, дереу полицияға хабар берген. Соның негізінде қала бойынша арнайы «Құрықтау» жоспары жүргізілді. Сонымен бірге, көлік ұрланғандығы туралы көрші облыстарға да хабар берілген. Сәлден соң-ақ іздеудегі автомобильдің Қапшағай қаласына қарай бағыт алып бара жатқандығы туралы хабар келіп түсті», дейді Алматы қаласы ІІД-нің Жол полициясы басқармасының арнайы батальон командирі полиция майоры Манап Саттаров.

Артем полициядан Алматы облысы, Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылында бой тасаламақ болған. Бірақ, қатты жүрісте рөлге ие бола алмай қалған ол бағдаршам бағанына барып соққан.

«Ұсталған уақытынан бастап күдікті бізді кәмелетке толмағандығына сендіргісі келді. Алайда, кейінірек біз ол туралы нақты мәліметтерді таптық. Мас күйінде қолға түскен қылмыскер жасаған әрекетінің себебін де түсіндіре алмады. Қазіргі уақытта автокөлікті заңсыз иелену фактісі бойынша Медеу аудандық ІІБ-нда тергеу амалдары жүргізілуде», деді М. Саттаров.