Алматы - Қаскелең тас жолының бойында аналар бейнесіне арналған ескерткіш бой көтерді

АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы -Қаскелең тас жолының 26-шақырымындағы Радуга ауылының маңында аналар бейнесіне арналған жаңа ескерткіш бой көтерді. Бұл Алматының жоғары жағынан Алатауды бөктерлей салынған тасжолдың бойындағы алғашқы ескерткіш болып отыр.

Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен тұрғызылған бұл ескерткіште нәресте көтерген ана бейнесі мен бесік сомдалған. Тұғырға «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың», «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді» деген халық даналығы жазылған. Тұғырдың биіктігі 3 метр, ал ана мүсінінің биіктігі 4 метрге жетеді. Ескерткіштің тұғыры Күртінің гранитінен қаланса, мүсін қоладан құйылған.

"Оны жасауға жарты жылдай уақыт кетті. Бұл менің ана тақырыбы бойынша жасалған екінші туындым. Алғашқысы биыл маусым айында ҚР Тұңғыш президенті қоры саябағына қойылған болатын", дейді мүсінші Елдос Бексұлтан.

Оның айтуынша, қазір елімізде ана тақырыбында салынған ескерткіштер аз. Ана мүсіні қамтылған ескеркіштердің көбі басқа тақырыптар аясына шоғырланған. Алматыдағы Тәуелсіздік монументі мен Желтоқсан көтерілісі құрметіне қойылған ескерткіштерде де осындай жағдай көрініс тауып отыр. Жалпы елімізде бұл тақырыпта салынған дербес ескерткіш мүлде жоқ деуге де болады.