Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, Алматы – республика бюджеті үшін негізгі донорлардың бірі.
«2023 жылы мемлекеттік бюджетке түсетін қаржы көлемі шамамен 3 трлн теңге болды. Оның ішінде республикалық бюджетке 2,1 трлн теңге немесе 72%. Қаланың жергілікті бюджетіне түсетін түсімдер 129%-ға асыра орындалды және 843 млрд теңгені құрады», - деді Асқар Әмрин.
Кірістер көрсеткішінің қарқынын ескере отырып, мегаполис үшін жалпы сомасы 81,9 млрд теңгеге негізгі жобаларды қосымша қаржыландыруға мүмкіндік туды. Сатып алудан қалыптасқан үнемдеудің, сондай-ақ салықтық және салықтық емес түсімдердің өсуінің арқасында қала дамуына одан әрі инвестиция салуға мүмкіндік туып отыр. Бюджетті нақтылауға ұсынылған 81,9 млрд теңге қаланың тіршілігін қамтамасыз ету жұмыстарына және алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын болады.
Басым шығын әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл 2023 жылғы бюджет шығындарының 58,7%-ы немесе 48,1 млрд теңге. Қосымша қаражат негізінен көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын модернизациялауға, әлеуметтік қамтуға, білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға, қаланы абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталатын болады. «Мәселен, білім саласына 13,6 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде осы жылы 13 мектепке дейінгі ұйымда, 5 мектепте және 3 колледжде жөндеу жүргізу жоспарланған. Оған 910,7 млн теңге бөлінеді»,- дейді Алматы қаласы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың қыркүйек айынан бастап жергілікті бюджеттен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге 462,5 млн теңге қаражат көзделгенін тілге тиек етті. «Балабақшалардағы орын тапшылығын төмендету мақсатында «Орбита-3», «Шұғыла», «Құрамыс» шағын аудандарында 3 балабақша құрылысын бастауға 300 млн теңге бөлінеді. Бұл аталған аудандарда 1 100-ге жуық баланы қамтуға мүмкіндік береді», - деді басқарма басшысы.
Оқу орындарын жылыту маусымына дайындау шеңберінде 14 мектеп пен 15 колледжде жылыту жүйелерін жөндеу үшін 909,1 млн теңге бөлінеді. Алмалы және Бостандық аудандарында орналасқан 2 мектепті 150 млн теңгеге сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, 9 әлеуметтік нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге (2 мектеп, 5 балабақша, 1 дамыту және шығармашылық орталығы және 1 колледж жатақханасы) 374,6 млн теңге қарастырылған.
Мәдениет және спорт саласына 6,7 млрд теңге қарастырылды. 8 ведомстволық бағынысты ұйымының 2 мыңға жуық қызметкерінің жалақысын 30%-ға дейін арттыруға қаражат бөлу қарастырылды. Бұл мақсатқа 349,7 млн теңге бөлінеді.
Сонымен қатар кітапхана жүйесін цифрландыру барысында жалпы сомасы 599,6 млн теңге бөлініп, жұмыс жалғасып жатыр. Бұл кітаптарды алу үдерісін автоматтандырып, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттырады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы үшін қосымша қажеттілік – 6,3 млрд теңге.
«Қайрат», «Ремизовка» шағын аудандарынан «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешеніне дейін «Ерменсай» шағын ауданында электр желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге қырастырлды.
«Рахат-Мәдениет шағын аудандарда сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы 1 млрд теңгеге жалғастырылатын болады. Бұл Алатау ауданының 10 мыңға жуық тұрғынын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Alma city-5» тұрғын үй кешеніне (су құбыры мен сыртқы канализация желілері) тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жергілікті бюджеттен бұл мақсаттарға 1 млрд теңге қарастырылған», - деді Қанат Сухамбеков. Қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға 5,1 млрд теңге қарастырылған. Даму бағдарламасының бір бағытын іске асыру шеңберінде бірыңғай платформалық ақпараттық жүйелермен біріктірілген жайлы және қолжетімді қаланы құру үшін жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге автобус аялдамаларында 1 000 ақпараттық (электрондық) табло орнату жоспарланған.
Бірінші метро желісінің екінші кезегі «Б.Момышұлы» станциясынан «Қалқаман» станциясына дейінгі кешенінің құрылысы жалғасуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 275,5 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі бірінші метро желісінің үшінші кезегінің құрылысын жобалау жұмыстарын бастауға 100 млн теңге бағытталады.
Алатау ауданы, «Шаңырақ-1» шағын ауданындағы жол құрылысын жалғастыруға 428,5 млн теңге жоспарланып отыр. «Қоғамдық көлік жүргізушілерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында Мөңке би көшесінің оңтүстігі мен Оңғарсынова көшесінің шығысында тұрақтау-бұрылу алаңдарын салуды жоспарлауға 10 млн теңге қаралады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 2,4 млрд теңге қарастырылған.
Адамдар көп жиналатын орындарда, аулаларда, кіреберістерде, саябақ алаңдарында, спорт және ойын алаңдарында бейнебақылау жүйесін кеңейту үшін 6 000 камера орнатуға сомасы 616 млн теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінетін болды», - деді ол.