Алматы кеденінде Ресей азаматынан ірі мөлшердегі валюта тәркіленді
16:30, 14 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы/ - Бүгін Алматы қаласының Халықаралық әуежайында №875 әуе рейсін тіркеу кезінде Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің «Жетісу» кеден бекеті қызметкерлері Ресей азаматынан ірі көлемде валюта тәркіледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы-Мәскеу» бағытында ұшып бара жатқан азамат заңсыз жолмен 23 мың АҚШ долларын алып кетпек болған. Осындай оқиға мамырдың 10-ы күні де тіркелген болатын. Онда Ресей Федерациясының М. есімді азаматы 15 мың 135 еуро және 102 мың 710 ресей рублін заңсыз алып бара жатқан. Сондай-ақ мамырдың 12-сі күні «Алматы-Бейжің» бағытындағы № 887 әуе рейсін тіркеу кезінде кеден бекеті қызметкерлері Қытай Халық Республикасына 50 мың АҚШ долларын алып шықпаққа әрекеттенген Қытай азаматын ұстады.
Ағымдағы жылдың 4 айында 411 мың 943 АҚШ доллары және 15 мың 135 еуро мөлшерінде экономикалық контрабанданың 19 фактісінің жолы кесілген. Сонымен қатар 59 килә рәсімделмеген зергерлік бұйымдар тәркіленген.