Алматы-Қорғас жолы ақылы болады
Бұл туралы халықаралық жобаға арналған баспасөз шеруі барысында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов айтты.
Алматы-Қорғас жолының жалпы ұзындығы 301 шақырым. Мамандардың пікірінше, бұл жолдың транзиттік әлеуеті зор. Қытайдан Батыс Еуропаға беттеген жүк керуені мол. Сондықтан бұл жолға инвестор да табылады, әрі инвестордың салған қаржысы да тез арада қайтады. ҚР Көлік және коммуникация министрінің айтуынша, Қорғас жолы бір бағытта 2 жолақты яғни 1-ші санатта болады.
Жалпы «Батыс Европа-Батыс Қытай» жобасы аясында концессиялық, яғни ақылы екі жол салынады. Біріншісі, жоғарыда айтылған Алматы- Қорғас жолы болса, екіншісі 209 шақырымдық Ташкент-Шымкент-Жамбыл облыстарының шекаралары аумағы. Бұнымен қатар «Батыс Европа-Батыс Қытай» жолын жалғастыратын 78 шақырымдық үлкен Алматы айналма жолы да ақылы болмақ. Қазірге бұлардың нақты ақысы мен төлем жүйесінің қандай болатыны анықталмаған.