Алматы көшелерінде жануарлар шеруі өтті (ФОТО)
14:32, 15 Тамыз 2015
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы көшелерінде жануарлар шеруі өтті. Мəдени шара Қазақ циркінің құрылғанына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Қала тұрғындары тек түйелер мен аюлардың өнерін ғана тамашалап қоймай жонглерлар мен "Номад" көшпелі акробатикалық тобының, цирк балеті əртістерінің жарқын нөмірлеріне куə болды.
Өнер колоннасы Қазмемцирк ғимаратынан шығып, Абай көшесімен Сейфуллин даңғылына дейін жүріп өтті.
Содан цирк кавалькадасы М.Əуезов атындағы драма театрының аялдамасына дейін барып цирк ғимаратына қайта оралды. Жануарлар шеруі мерекелік қойылыммен аяқталды.
Айта кету керек, тамыздың 14-іне жоспарланған мəдени шара жаңбыр жаууына байланысты 15-іне ауыстырылған болатын.
24 шілдеде "Қазмемцирктің" құрылғанына 45 жыл толды. Мерейтойға орай қалада 18-23 тамыз аралығында "13 ғажайып" халықаралық театралды-цирк қойылымы өтеді.