Алматы көшелеріне асфальттың жаңа түрі төселіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда асфальттың жаңа түрі сынақтан өткізілуде. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, полимерлі битум негізіндегі асфальтбетонды қоспаны алматылық жол жөндеушілер қолданысқа енгізіп көрді.

Пилоттық жоба аясында жаңа қоспамен Гоголь көшесінің автобус жолағының солтүстік жағындағы үш учаскесі жөнделді.

Мамандар бұл аумақты жыл бойы бақылап отырады. Сондай-ақ сынамалар алынып, жабынның жай-күйіне мониторинг жүргізу жоспарда.

Бұл тәжірибе барысымен қала әкімі Ерболат Досаев танысты.

Жаңа материал әлдеқайда берік және жолдарда ойықтар мен жарықтардың пайда болуына жол бермейді деп есептеліп отыр.