Алматы маңына аққұтандар ұшып келді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы өзенінде жүзіп жүрген аққұтандар қалалықтарды таңғалдырды. Тосын құбылысты Экология, геология, табиғи ресурстар министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл видео әлеуметтік желіде тарады.

Министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраеваның айтуынша, аққұттандар Egretta alba (Linnaeus, 1758) Қазақстанның оңтүстігінде жиі қыстайды екен.

Көпшілігі басқа елдерге ұшып кетеді, біразы Алматы, Алматы облыстарында қалады.

«Қатпайтын су қоймаларында бұл құстарды жиі байқауға болады. Әр қыста аққұтандар Алматы зообағында қыстайды. Климат өзгеріп, қорек азайса, бұл құстар ауып кете береді. Тұрғындар құстарға қиянат жасамаса болды»,- деді Самал Ибраева.

Үлкен аққұтандар ұя салатын жыл құсына жатады.

Олар балықпен, көлбақалармен, көкқасқа шегірткемен, инеліктермен, жәндіктермен және олардың дернәсілдерімен, ұсақ кеміргіштермен, кесірткелермен қоректенеді.

Қазақстанға наурыз айында ұшып келеді де, қазан айында жылы жаққа ұшып кетеді. Кейбір құтандар Қазақстанның оңтүстігіндегі қатпайтын өзендердің бойында қыстап қалады.

Бір кезде аққұтандар қауырсынына бола көп ауланған. Аққұтан — сирек кездесетін құс.