Алматы маңында болған әуе апатынан қаза тапқандардың арасында екі қарағандылық бар

ҚАРАҒАНДЫ. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Алматы маңында болған әуе апатында қаза тапқандардың арасында екі қарағандылық бар, деп хабарлады агенттіктің тілшісі.

Олар - экипаждың командирі Владимир Евдокимов және бортсерігі Ирина Кривоносова.

Экипаж мүшелерінің достары айтқандай, В. Евдокимов көптеген жылдар бойы Қарағанды авиаэжасағында жұмыс істеген, И. Кривоносова алдағы уақытта демалысқа шықпақшы болған. Бортсеріктің марқұм жұбайы ұшқыш болған.

Бұған дейін хабарланғандай, 2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы қаласының әуежайы аумағында «Скат» авиакомпаниясының GRJ-200 әуе кемесі апатқа ұшырады. Ұшақ «Көкшетау-Алматы» бағыты бойынша ұшқан.

Ұшақ Алматы облысы Талғар ауданы Қызыл Ту кентінің маңында, әуежайдың шығыс жағында құлаған. Ұшақ бортында арасында 1 бала бар 16 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі болған.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қазақ тапқандардың туыс-туғандарына көңіл айтты.

Елбасы тапсырмасымен Алматы әуежайы маңында СRJ-200 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан болған топ адамның өліміне әкеп соққан оқиғаның себебін анықтау жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссияны ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Б. Сағынтаев басқарады. Комиссия құрамына көлік және коммуникация, төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Бас көлік прокуратурасының өкілдері, «СКАТ» ӘК АҚ президенті кірді.

Бас көлік прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 295 бабының 3 тармағы (2 немесе одан да көп адам өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалыс қауіпсіздігі мен пайдалану тәртібін бұзушылық) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Bombardier CRJ-200 құлаған жерде бірден Алматы қаласы әуежайының құтқарушылар жасағы, өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен дәрігерлік бөлімшелер, ҚР ТЖМ шұғыл психологиялық көмек тобы келіп жетіп, жұмысқа кірісті.

Апаттық-құтқару жұмыстарына 1107 адам мен 173 бірлік техника қатысуда.

2013 жылғы 29 қаңтарда сағат 21-00-де Алматы әуежайына келген Үкіметтік комиссия мүшелері оқиға орнына келіп, тексеру жұмыстарын бастады. Бақытжан Сағынтаев басқарған комиссия оқиға орнындағы барлық құрылымдар мен қызметтердің қатысуымен жедел жиын өткізді. Министрліктердің басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Бүгін, 30 қаңтар күні сағат 10:00-де Алматы әуежайында Үкіметтік комиссияның кезекті жиыны өтті.

ҚР ДСМ «Сот медицинасы орталығы» сарапшыларынан тұратын жедел топ қаңтардың 29-нан 30-на қараған түні қаза тапқандардың денесіне сараптама жүргізді. Қазір өлім себептері анықталып, барлық мәйіттер туыстарының тануына және оларға беруге дайындалды.

Борттағы жазбалар Мәскеудегі Үкіметаралық авиациялық комитетке сараптамаға жіберілді.

Қазақ тапқандардың туыстарына психологиялық көмек көрсету жалғасуда.

Құрбан болғандардың отбасыларына «СКАТ» ӘК АҚ атынан 3 млн теңге көлемінде, ал әкімдік тарапынан 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

«Жедел желі» телефондары жұмыс істейді:

Астана қаласы, Республикалық дағдарыс орталығы - 323289, 533279, 255121, 256180

Алматы қаласы, ТЖД - 8 (7272) 742219.

Көкшетау қаласы, Ақмола облыстық ТЖД - 8 (7162) 255030,255121, 256180.