Алматы маңында қар көшкіні салдарынан шаңғы стадионы жабылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәуліктерде Алматы облысының тауларында, Іле және Жетісу Алатауында, сондай-ақ Алматы қаласының Наурызбай аудандарында қар көшкіні түсті. Салдарынан жолдар мен шаңғы стадионы жабылды, деп хабарлайды «Қазселденқорғау» ММ.

4 желтоқсанда (түнде) Алматы облысы Талғар ауданы Іле Алатауының «Еліксай» шатқалындағы №10 астауда өздігінен кішігірім қар көшкіні түсті, көлемі шамамен 200 текше метрді құрайды.  Зардап шеккендер жоқ.

Күннің бірінші жартысында «Ақбұлақ» спорттық сауықтыру кешені аумағына шаңғы тебу аймағынан тыс жерде №6 көшкін жинағышында өздігінен 2500 текше метр көлемінде қар көшкіні түсті. Шаңғы стадионың аумағы тұрғындар үшін жабық. Зардап шеккендер жоқ.

Жетісу Алатауының Текелі өзені алабында өздігінен 5 қар көшкін түсті: суалғыда - көлемі 2000 текше метр, нөсер реттегішінің бірінші және үшінші тостағында - 700 текше метр, №№16-17 көшкін жинағышында - 1080 текше метр, ӘТҚЖ ауданында - 450 текше метр. Түскен қар көшкінінің жалпы көлемі 4230 текше метрді құрайды. Қар көшкіні жылы ауа-райындағы жауын-шашынның болуы нәтижесінде орын алды. Қар көшкіні қатері елді мекенге төніп тұрған жоқ, олар қызмет аймағынан тыс жерде орын алды. Залал мен зардап шеккендер жоқ.

Сондай-ақ, сол күні түстен кейін Іле Алатауының Түрген өзені алабындағы Түрген - Батан шатқалы автожолының 23.5 шақырымында 1690 текше метр көлемінде өздігінен қар көшкіні түсті. Қар көшкіні жолды жауып қалды. Түрген өзені арнасынан су еркін өтуде. Залал мен зардап шеккендер жоқ. Түрген - Батан шатқалы автожолының 19 шақырымына дейінгі жол ашық.

Сондай-ақ 4 желтоқсанда Алматы қаласы Наурызбай ауданының  Ақжар  шағын ауданы «Медеу» ТК (тұтынушылар кооперативі) сұйық жауын-шашынның түсуі  және беткейлерінен судың ағуы нәтижесінде 75 текше метр көлемінде қар көшкіні түсті, қар көшкіні массасы топырақ жолын жартылай жауып қалды. Аталған жолдың жоғары жағында 50-ге жуық тұрғындар тұратын, 13 үй орналасқан. 

Наурызбай ауданының әкімдігіне жолды қалпына келтіру, тау бөктерін нығайту және қар түріндегі жауын-шашын түсуі кезінде үйлердің тұрғындарына жол толық қалпына келтірілгенге дейін жүруге шектеу қою ұсынылды.