Алматы маңында польшалық туристің мүрдесін таудан алып шығу операциясы аяқталды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы маңындағы Талғар шатқалында табылған польшалық туристің мүрдесін тау құрсауынан алып шығу операциясы аяқталды. Бұл туралы бүгін Алматы қ. ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұханбетова мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетелік, кеше ауа райының қолайсыздығы және тікұшақты қолдану мүмкін болмағандықтан, сондай-ақ, марқұмның туыстарының өтініші бойынша польшалық туристің мүрдесін Талғар шатқалынан жаяу алып түсу туралы шешім қабылданған болатын.

«ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері таудан түсетін жолын белгіледі. Соған сәйкес, құтқарушылар Бутаков асуы (2870 м), Пионер (3011 м) шыңы және Лесной (2400 м)асуы арқылы жүріп отырып, Бутаков шатқалына түсуі керек болды. Сондай-ақ, құтқарушылардың екі тобы бір мезетте бір-біріне қарсы жүретін болды. Бутаков шатқалынан шығатын топқа сүрлеу жол салу міндеті қойылды. Кейін, екі топ кездескен соң, сол сүрлеумен кейін оралатын болып шешілді. Қар көшкіні болуы мүмкін учаскелерді және қар үйінділері көп жиналған жерлерді айналып өту үшін осы тактика қолданылды. Сонымен, екі топ кеуделеріне дейін қар кешіп, еш жерге түнеместен тоқтаусыз жүріп отырды. Көзге түрткісіз қараңғылықта (тұман және түнгі уақыт) бір-бірін GPS навигация арқылы бағдарлап отырғанын айта кеткен жөн. Ал байланысқа спутниктік терминалдар пайдаланылды. Сөйтіп, Республикалық жедел-құтқару жасағының топтары осындай экстремалды қауіпті жағдайда жоғары деңгейде үйлесімді әрекет жасай отырып, операцияны ойдағыдай аяқтады», - деді С. Баймұханбетова.