Алматы маңындағы сауда орталығынан адамдар эвакуацияланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы маңындағы ірі сауда ойын-сауық орталығына «бомба қойылғаны» туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі «Апорт» сауда орталығына жарылғыш зат қойылғаны» туралы хабарлама түскенін растады.

Оқиға орнында полиция мен мамандандырылған қызметтер жұмыс істеп жатыр.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта саперлар ғимаратта жарылғыш заттардың бар-жоғын тексеріп жатыр. Сондай- ақ, бомба туралы хабарлаған адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіле бастады», - деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Әленов.