Алматы маңындағы тауларда өрт тұтанды

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көклайсай саяжай округі маңында қураған шөп өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саяжай округі маңындағы шөптің жануы туралы хабарлама 17 қазан, сағат 10:00-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөлімінің пультіне түскен.

Оқиға орнына дереу департаменттің 12 қызметкері мен үш техникасы, сондай-ақ Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің 20 қызметкері мен төрт техникасы жіберілді.

«Оқиға орнына (өрт сөндіру бөлімінен 30 шақырым) сағат 10:39-да жеткен кезде таудың баурайында шамамен 10 гектар аумақта шөптің жанып жатқаны анықталды. Елді мекендерге қауіп жоқ. Көклайсай саяжай округінің маңында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр», - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.


Видеодан алынған кадр