Алматы маңындағы ұшақ апатының себептері жақында белгілі болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы түбінде болған CRJ-200 ұшағының апатына қатысты тергеу нәтижелері биылғы жылдың көктемінде жарияланады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникициялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі Азат Бектұров мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, «СКАТ» әуе компаниясына қарасты CRJ-200 ұшағының апатқа ұшырауының себептерін тергеу бойынша комиссия адами фактор нұсқасына мән беруде. Сонымен қатар вице-министр аталған оқиғаны тергеу амалдарының аяқталуға жақындағанын атап өтті. Әуе апатын тексеріп жүрген сарапшылардың келесі отырысы осы ақпан айында өтеді. Осыдан кейін комиссияның соңғы отырысы ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, CRJ-200 ұшағы 2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы әуежайына қонуға бағыт алғанда апатқа ұшыраған. Оның салдарынан 21 адам - 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі қаза болды.