«Онлайн-тіркеудің аяқталуына бары-жоғы жеті күн қалды. Ол өткен жылдың тамыз айында басталған еді. Ең көп адам тіркелген кезең наурыз айының соңы мен сәуір айының басына тура келді. Демек, қатысушылар ұзақ мерзімді жоспарлауға әлі де болса дайын емес деген сөз. Енді, бұдан кейін қатысушылар ерте бастан тіркеледі деген үміттеміз», - деді осыған орай ұйымдастыру комитетінің директоры Салтанат Қазыбаева.
Айта кетелік, қатысушылар сөрелік нөмірлерін 22 және 23 сәуірде сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін, Сейфуллин даңғылы бойындағы Mega Park кешені аумағында өтетін Спорт жәрмеңкесі барысында ала алады.
Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге келген барлық жүгірушілер үшін бірқатар қызықты шаралар дайындап қойды. Оларға қатысу тегін.
Ал Алматы марафоны 24 сәуірде өтеді.
Оған 20 мыңдай адам қатысады деп күтілуде.