Алматы марафонының Жазғы жүгіру жарысына тіркеу басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы марафонының Жазғы жүгіру жарысына тіркеу басталды. Бұл туралы бүгін Алматы марафонының ұйымдастыру комитетінен хабарлады.

Жазғы жүгіру жарысы алдағы 16 шілдеде Баум тоғайында болады. 

«Аралық жүгірулер - жыл бойы саламатты өмір салтын дәріптейтін маңызды дайындық шаралары. Солардың ішінде Жазғы жүгіру - Алматы марафонынан кейінгі ең ірі жүгіру алаңы. Оған тіркелу бүгін басталды. Жарыс Баум тоғайында өтеді. Бұл жолы үш қашықтықты ұсынып отырмыз. Олар: балалар үшін - 2 шақырым, ал ересектерге - 7,5 және - 15 шақырым. Баум тоғайының жолдары аса кең емес. Сондықтан тіркелуді 10 шілдеде немесе 700 қатысушыны жинағанда жабамыз», - деді Алматы марафонының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева. 

Естеріңізге сала кетейік, Жазғы жүгіру - бұл жүгіруге әуесқойларды Алматы марафонына байыппен дайындайтын үш - аралық жүгірудің алғашқысы.

https://www.almaty-marathon.kz/ru/zabeg/ сілтемесі бойынша жүгіру бағытымен танысып, тіркелуге болады.