Алматы медицина университеті оқу жылының ұзартылуына қатысты түсінік берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Жалпы медицина» мамандығының 5-курс студенттері алты жылдың орнына жеті жыл оқитыны туралы БАҚ-та тараған ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: kaznmu.edu.kz

Медициналық ЖОО баспасөз қызметі 2019 жылы ҚазҰМУ-ға «Жалпы медицина» білім беру бағдарламасына түскен студенттер 7 жыл оқитынын, оның 5 жылы бакалавриат, 2 жылы интернатура екенін хабарлады.

«Оқуға түсер кезде әр студент жоғары білім бағдарламасы бойынша білім беру қызметін көрсететін екіжақты келісімді толтырып, қол қойды. Осы құжаттағы оқу мерзіміне қатысты 1.3 тармағында «Білім алу нормативті мерзімі МЖМБС мамандығымен анықталады» делінген.

2019 жылы оқуға түскен студенттердің білім алуы 2018 жылғы МЖМБС-мен реттеледі. Оған сәйкес, «Жалпы медицина» бағдарламасы бойынша оқыту – 7 жыл (5 2). Бакалавриат дәрежесін бітірген түлектер медицина бакалавры дипломын алады, ал интернатураны бітірген соң АМСК дәрежесінде жұмыс істей алатын дәрігер дипломын иеленеді», - деп түсіндірді ҚазҰМУ.

Жоғарыда айтылған МЖМБС-ның 2020 жылдан бері күші жойылған. Сол себепті университетке 2020 және 2021 жылы түскен тұлғалар 2020 жылғы МЖМБС бойынша білім алады. Оқу мерзімі – 6 жыл (5 1).

Университетке 2022 және 2023 жылы түскен азаматтар МББҮИ аясында 2022 жылғы МЖМБС бойынша оқиды. Оқу мерзімі – 6 жыл.