Алматы мектептері қашықтан оқытуға дайын - білім басқармасы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы мектептері қашықтан оқытуға дайын. Бұл туралы Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні 75 мыңнан астам оқушы мен 2 мыңнан астам мұғалімді компьютермен қамтамасыз ету керек болатын. Бұл мәселені шешу үшін мектептер жан басына қаржыландыру есебінен 9 120 ноутбукпен қамтамасыз етіледі. Жергілікті бюджет есебінен 11 042, Үкіметтің резерв қоры есебінен 38 591 компьютер техникасы алынды. Оның ішінде 4 016 компьютер, 5 203 планшет және 29 372 ноутбук бар. 22 212 планшет жергілікті бюджет есебінен алынды», - деп атап өтті Ләззат Жылқыбаева.

Сонымен қатар, мектептердегі 10 мың компьютер уақытша пайдануға беріледі. Жан басына қаржыландыру есебінен сатып алынған 9 мың ноутбук мұқтаж оқушыларға таратылды.

«22 мыңнан астам оқушыға SIM карта сатып алынады. Қазіргі уақытта SIM карта мен роутерларды таратып жатырмыз. Сонымен қатар, интернетке қол жеткізе алмайтын мұғалімдерге мектепте онлайн сабақ өткізуге мүмкіндік беріледі. Жалпы білім мекемелері қашықтан оқытуға дайын», - деп қорытындылады Ләззат Жылқыбаева.