Алматы мектептері жанындағы жол белгілері жаңартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мектептері жанындағы жол белгілері жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, «Балалардың жол қауіпсіздігі» бағдарламасы бойынша жалпы білім беретін мекемелерге іргелес жатқан жол учаскелерінің жабдықталуына байланысты зерттеу жүргізілді. Бүгінгі күні қала бойынша 207 жалпы білім беретін және мектепке дейінгі мекемелерде «Жаяу жүргіншілер өткелі» жол белгілері сызылды, 139 жол белгісі қалпына келтірілді және 313 жол белгісі орнатылды», – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.

Спикердің сөзінше, бұл алдын алу іс-шарасы жол-көлік жарақаттарының алдын алуға және балалардың қатысуымен болатын апатты төмендетуге бағытталған.

«Патрульдік полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілерімен балаларды автокөлікте тасымалдау кезінде қауіпсіздік белбеуін және қауіпсіздікті сақтау құралдарын міндетті түрде қолдану қажеттілігі, сондай-ақ орта мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің аймағында 40 км/сағ жылдамдықты сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді», – деді ол.

Айта кетейік, жаңа оқу жылының офлайн режимде басталуына байланысты, шаһарда жалпыреспубликалық «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу шарасы өткен болатын.