Алматы мектептерінде 17 адам жұмыстан шығарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда медицина мамандары 242 мектепте жоспардан тыс тексеріс жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық мектепте жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Санитарлық-гигиеналық  ережелер бұзылған. Ол бойынша 131 айыппұл салынды. Көбінесе, мектептерде баланың көптігі, санитарлық-гигиеналық құралдардың істемейтіндігі, едендердің ақауы үшін айыппұл салынды. Қызметкерлердің медициналық қарау туралы анықтамасы жоқ болған», - деді қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова.

Оның айтуынша, Алатау ауданының № 41, 181, 178 мектебінен 17 қызметкер қызметінен қуылды. Олардың барлығында медициналық тексеру туралы анықтама болмаған.

Сондай-ақ, мектептердің тамақтану кестесі мен азық-түлік сапасы көңіл көншітпеген.

«Алмалы, Әуезов аудандарындағы мектептер мен бақшаларда тамақ сынамалары стандартқа сай емес болғаны анықталды. Олардың қатарында Алмалы ауданында - «Ақбөбек», ҚазАТИСО, Абай атындағы КазҰПУ, Әуезов ауданындағы -  №36, 50, 55 балабақшалар, «Карамелька» бақшасы, №4 мектеп интернаты бар», - деді департамент басшысы.