Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы 214 мемлекеттік және 100 жекеменшік мектептің қауіпсіздік жүйесі тексерілді.
Алматыда қалалық білім басқармасы мен полиция департаментінің білім беру ұйымдарында білім алушылардың қауіпсіздігін, бейнебақылау жүйелерінің жабдықталуын, қызметкерлер мен келушілерді ескерту құралдарын, дабыл түймелерін, қауіпсіздік дабылы мен физикалық қауіпсіздікті тексеру бойынша бірлескен комиссиясы құрылған. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев айтты.
«Бүгінгі таңда қала мектептерінде 6739 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі жедел басқару орталығымен біріктірілген. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында жүргізілген тексеру қаланың барлық мектебінде дабыл түймелері орнатылғанын және жұмыс істеп тұрғанын көрсетті, – деді Ержан Ұзабаев.
Ол, сондай-ақ, білім беру мекемелері дабыл жүйесімен жабдықталғанын, оларда дауыс зорайтқыш жүйесі бар екенін мәлімдеді.