Алматы мектептерінде оқушылардың орын тапшылығы мәселесі шешімін табуда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өткен оқу жылымен салыстырғанда биыл 12 мыңнан астам оқушы артық білім алуда. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазқАқпарат тілшісі.

Алматы әкімінің мәліметінше, қазір Алматыда орта білім беру саласында 291 мектеп жұмыс істесе, оның 207-сі мемлекеттік мектеп. «Барлығы 303 110 оқушы білім алады. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 12 мыңнан астам оқушыға артық. Бүгінде оқушы орны тапшылығы – 33 812», - деп жазады Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, қала мектептерінде оқушылардың орын тапшылығы мәселесін шешу үшін келесідей жұмыстар атқарылуда.

«Бұл мәселені шешу үшін «қадамдық қолжетімділік» қағидаты аясында 12 600 орынға арналған 8 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 5100 орынға арналған 3 мектеп биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

8263 орынға арналған мектепке жапсарлас 17 жаңа корпустың құрылысы жалғасуда. Бұл ретте 4600 орынды 11 корпустың құрылыс-монтаждау жұмысы бітті. Қалған 3663 орынды 6 ғимараттың құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Жаңа оқу жылының басында жеке инвестиция есебінен 2656 орынды 13 жекеменшік мектеп ашылды», - деп жазды шаһар басшысы.