Аталмыш тренинг «Алматы қаласындағы мектептер мен қоғамдастықтардың қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөнінде қоғамды мәліметтендіруді дамыту» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл біздің алғашқы жобамыз болып табылады. Бүгін Алатау, Түркісіб пен Жетісу аудандарындағы мектеп мұғалімдері арасында қоршаған ортаның түйткілді мәселелері мен негіздері жайында осы тренингті өткізіп отырмыз. Бұл шара барысында алған мәліметтерді мұғалімдер келешекте әдістемелік құрал ретінде пайдаланып, іске асыра алады», дейді ҚР Қызыл жарты ай қоғамының мүшесі, жобаның үйлестірушісі Максим Қадырбаев.
Сәуірдің 20-21-і күндеріне жалғасатын бұл шарада атмосфераның құрылуы, Алматы қаласының ауа бассейінінің экологиялық мәселелері, ауа ластануының тұрғындар денсаулығына әсері, Алматы қаласының ластану түрлері жайында арнайы дайындалған мамандар қазақ, орыс тілдерінде семинарлар өткізуде.
Аталмыш жоба ҚР Қызыл жарты ай қоғамы, Нидерландық Қызыл Крест және ТASIC «Тәуелсіз мемлекеттерге көмек көрсету» бағдарламасы мен Еуропалық Кеңестің қаржылай қамтамасыз етуімен жүзеге асып отыр.