Алматы мен Астана қалаларында студенттік қалашықтар салынады - білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы

АЛМАТЫ. 31 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Елбасының студенттік баспана салу тапсырмасы бойынша, 2015 жылға дейін жаңадан 24 жатақхана салынып, 54 жоғары оқу орнына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жөнінде бүгін Алматыда өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ІХ отырысында айтылды.

"Алматыда 20 мың орындық, ал Астанада 10 мың орындық студенттік қалашықтар салынады. Жоба құны 95 миллиард теңге. Қазір жергілікті әкімдіктерден қалашық салынатын жер бөлініп, жобалық экономикалық негіздемесі жасалуда", - дейді білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Болатбек Әбдірәсілов.
Оның айтуынша, бұл қалашықтардың құрылысы 2012 жылдың аяғы мен 2013 жылдың басында басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ "Студенттер туралы" жаң заң жобасында күндізгі бөлімде оқитын студенттердің қоғамдағы көлікте жол ақысының 50 пайызына жергілікті әкімшіліктердің шешімімен жеңілдік жасау қаралуда. Қазір бұл құқық барлық жерде бірдей жүзеге асырылып жатқан жоқ. Студенттердің қалааралық автобуспен жылына 2 рет 50 пайыздық жеңілдікпен жүруіне республикалық бюджеттен 9 миллиард теңге бөлу қарастырылуда.